Басты жаңалықДенсаулық

«Жедел жәрдем» жеткенше, «Ажал» жете жаздады

Шығыс Қазақстан облысы Серебрянск қалалық ауруханасына қатысты шағым көбейді. Шағын шаһар тұрғындары медициналық мекеменің мүшкіл халіне наразы. Айтуларынша, онда жедел жәрдем көлігі жетіспейді. Жан таласқан науқасты облыс орталығына жеткізу үшін жақындары жүргізушіні үйінен іздеп, жанармайды өздері құюға мәжбүр болған, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Ақхалаттылар айналасындағы даулы мәселені қала тұрғыны Анна Саранчук айтты. Ол әжесін қалалық ауруханаға ауыр жағдайда апарған. Науқас немересінің айтуынша, адамды өлім аузынан арашалап қалатын дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмай, дәрменсіздік танытқан.

Анна Саранчук Серебрянск қаласының тұрғыны

Жүргізуші мен жедел жәрдем көлігін тапқанша бір жарым сағат уақытымыз кетті. Ең сорақысы – жедел жәрдем көлігінде жанармай болмай шықты. Біз көлікке өз қаражатымызға жанармай құйдық. Өйткені арада бір жарым сағат өтіп кетті. Түсінесіз ғой, уақыт болса санаулы, – деді Серебрянск қаласының тұрғыны Анна Саранчук.

Бас дәрігер сол күні кезекші жедел жәрдем өзге науқасты алып кеткендіктен жағдай ушықты деп түсіндірді. Амалсыздан өзге жүргізушіні іздеп тапқанша уақыт өтіп кеткен көрінеді.

Еркін Семейханов Серебрянск қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы

Біз бүкіл заңдарға қайшы келе отыра, пациентке шұғыл көмек көрсету мақсатында, еңбекке жарамсыздық парағындағы жүргізушіні жұмысқа шығаруға мәжбүр болдық. Сол себепті де бұл жерде біраз уақыт жоғалтып алдық, – деді Серебрянск қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Еркін Семейханов.

Мекеме басшысы жанармай мәселесі жүргізушінің білместігінен туындағанын айтты. Кейін көлікке бензин құйған азаматтың ақшасын қайтарып берген.

Жалпы қалалық ауруханаға 15 мыңға тарта адам тіркелген. Мекемеде 4 жедел жәрдем көлігі бар болғанымен бір жүргізушінің орны бос. Ал бір жүргізуші денсаулығына байланысты жұмыста жоқ.

Ауруханадағы келеңсіздік мұнымен бітпейді. Онда барған адамдардың мұңы бір. Медициналық құрал-жабдық тапшы, маман жоқ. Техниканың жоқтығы тұрғындардың қарапайым тексеруден өтуіне де кедергі болып тұр.

Светлана Алешаева Серебрянск қаласының тұрғыны

Менің анам мұнда қатты ауырып түсті. Мұнда қажетті аппарат жоқ болып шықты. Содан соң оны қалаға апарды. Қалаға апарған кезде ол жаққа хабарламағанын білдік. Сонда бұл дәрігерлер не бітіріп отыр?! Жұмысын дұрыс атқармай ма?! – деп ашынды Светлана Алешаева есімді қала тұрғыны.

Дәрігерлер дефициті де қала халқын әбден қажытқан. Ем іздеп барғандар есік алдында сарғайып күтіп, соңында өзге ауруханаларға баруға мәжбүр. Енді мекеме қызметіне көңілі толмағандар қадағалау органдарына арыз жазып, істің ақ-қарасын анықтауды талап етіп жатыр.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button