Білім

Түркістандық ұстаздар 1 тоқсанда мүлдем жалақы алмаған

Түркістан облысында 3 айдан бері жалақы алмаған жекеменшік мектеп мұғалімдері жалақысын сұрайды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Қыркүйектен бері бір тиын еңбекақы алмай бірінші тоқсанды аяқтаған сарыағаштық ұстаздар аудан әкімдігіне барып, жергілікті биліктен жалақыларын сұрап, мәселені тездетіп шешуді талап етті.

Ұстаздардың төзімі әбден таусылған. Әкімдіктің алдына жиналғандар ішке кірмей біраз тұрды. Бірақ аудан әкімі шықпады. Сосын амалсыздан ғимараттың ішіне кіріп өздерінің шарасыз күйде екендіктерін аудан әкіміне жеткізді.

Сіздердің балаларыңыз тоқ. Айлықтарыңызды алып жатырсыздар. Біздің әкеміз де шешеміз де сізсіз. Біз кімге айтамыз?! Көп балалы анамын. Олардың барлығын бағу оңай емес мына заманда. барлық нәрсе қымбаттап кеткен. Күндіз ақша болмағанның себебінен кешке қарай жұмысқа шығып жатырмыз. Қазір шыны керек бөтен номерлерді алмайтын жағдайға жеттік қой. Банктер деген басып қалды кредит алатын, – деп мұғалім Гүлжан Тәшімбетова мұңын шақты.

Түркістанда тек мұғалімдер ғана емес жекеменшік мектеп ашқан кәсіпкерлер де тығырыққа тіреліп отыр. Өйткені, кезінде білім және ғылым министрлігіне қарасты «қаржы орталығымен» келісімшартқа отырып, білім ордасын салған бизнес өкілдеріне де 5-6 айдан бері қаржы аударылмаған. Мәселен, 700-орындық мектеп салған сарыағаштық Исақ Оспановқа қазір мемлекет 270 млн теңгеден астам қарыз. Бала басына берілетін қаржыға сеніп тәуекелге барған кәсіпкер жақында қаржының жетіспеушілігіне байланысты 400-ге тарта балаға қаржы төленбейді деген хат алған.

400 бала қысқарғанда 400 балаға сәйкес 35-40 мұғалімді де қысқартуым керек. Солай істемесем не істеймін мен?! Қазірждің өзінде қарызда кредит төлеу керек. Пения жүріп жатыр. Біз өзі 4 жерден кредит алдық. Кеше енді айлық болмағанан кейін мұғалімдердің жағдайы болмай кредит алып аванс бердім. Мұғалімдерді ұстап қалу үшін, – дейді мектеп құрылтайшысы Исақ Оспанов.

Бұған дейінгі бар мәселені несие алып жауып келген кәсіпкер енді ондай мүмкіндігінің жоқ екендігін ашық айтып отыр. Егер осылай жалғаса берсе мыңдаған мұғалімнен бөлек тағы осынша қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін.

Әкімшілікке барып жатырмыз. Білім бөлімі басшысының орынбасарының алдына дейін шықтық. Барамыз 1 аптада мәлім болады, мәселе шешіледі дейді. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Мысалы мені қысқартса біздер қайда барамыз?! жарты жолда қаламыз, деді жекеменшік мектептің бас аспазы Ұлжалғас Мелдеева.

Мұғалімдердің жанайқайын тыңдаған аудан әкімі де жағдайдың бұлайша ушығуына қаржыландыру жүйесінің өзгеруі себеп дейді. Республикалық қаржы орталығынан қаржыландырылып келген білім ұяларын  қаржыландыру ісі жаз айынан бастап жергілікті әкмдіктерге жүктелген.

Биылғы жылдан бастап ол жүйе өзгеріп жатыр. Енді қаржыны облыстық бюджеттен облыстық басқарма төлесін деген шешім қабылданған. Міне басқарма қазір түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатьыр. Бір қолдан келесі қолға өткенде барлығын актменен қабылдап алу керек қой. Прем передача деген болады. АКТ болады, дейді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.

Құжат алмасу жұмыстарының нақты қашан аяқталып, қаржының қашан берілетіні әзірге белгісіз. Айтып өту керек, бүгінде Түркістан облысында 200-ге тарта жекеменшік мектеп бар. Қаржының кешігуі соның барлығына ортақ мәселе.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button