Басты жаңалықБілім

Қалжыр мектебінде Тоқтар Әубәкіров атындағы кабинет ашылды

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданы Қалжыр ауылындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық кабинеті ашылды. Оған Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің есімі берілді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тоқтар Әубәкіров қатысты. Ашылу рәсімінің алдында олар Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына арналған Даңқ мемориалына барып, майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Жаңа кабинет заманауи оқу құралдарымен және алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізуге қажетті барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Кабинетке Тоқтар Әубәкіров есімінің берілуі қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің өмір жолы мен ел алдындағы еңбегін жас ұрпаққа насихаттап, отансүйгіштік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл мектептерінде оқитын балаларға қаладағыдай жағдай жасау мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Соның аясында Қалжыр ауылында осындай кабинет ашылды. Мұнда білім алған балалар Тоқтар ағамыздай еліміздің абыройын асқақтатар арда азамат болып өссін, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағагов.

Тоқтар Әубәкіров өз сөзінде оқушыларға білімнің маңызын, заман ағымынан қалыс қалмай, әркез өздерін жетілдіріп отыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ балалардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өмірлік кеңестер де берді.

Қалжыр мектебіндегі жаңа кабинет оқушылардың алғашқы әскери дайындық бойынша білімін жетілдіріп қана қоймай, туған елге деген жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етпек.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button