Ел шығысында 50-ге жуық мұғалімнің орны бос тұр

Шығыс Қазақстан облысында химия, математика пәндерінің мұғалімі жетіспейді. Бұл туралы облыстық білім басқармасы мәлімдеді.
Өңірде орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдерінің орны да бос. Педагог-ассисенттер мен педагог-психолог мамандар да тапшы. Ең үлкен кадр тапшылығы Алтай, Самар, Шемонаиха аудандарында және Риддер қаласында байқалады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында еліміздің білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданған. Ал биыл 2 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері педагогикалық бағытты таңдаған. Бұл үздік түлектердің шамамен 23 пайызы.
Айта кетейік, Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік грант негізінде білім алған және GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектер арнайы сертификат арқылы байқаудан тыс жұмысқа орналасуға құқылы.
Жанель Жанболатқызы