Өскеменде «Vipusknik.kz – 2026» білім көрмесі өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында болашақ талапкерлерге арналған «Vipusknik.kz – 2026» білім көрмесі осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Өңірдегі кәсіптік бағдар берудің басты алаңына айналған бұл шараға Астана, Алматы, Қарағанды, Байқоңыр, Семей және Өскемен қалаларынан жетекші жоғары оқу орындары, колледждер мен білім беру орталықтары қатысуда.
Шара республикалық Vipusknik.kz порталының ұйымдастыруымен, сондай-ақ ШҚО әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен өтуде. Ұйымдастырушылардың бірі Сымбат Рамазанның айтуынша, жобаның басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру. Көрмені бағдарламалау барысында өңірдегі кадр тапшылығы мәселесі де ерекше ескерілген.
Кімдер қатыса алады және форматы қандай?
- Офлайн формат: Қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары көрмеге тікелей келіп, оқу орындарының өкілдерімен жүздесе алады.
- Онлайн формат: Аудандық және ауылдық мектептердің оқушылары үшін ZOOM-конференциялар арқылы байланыс орнатылған.
Қатысушы білім мекемелері өз бағдарламаларын таныстырып, презентациялар жасап, талапкерлерге жеке кеңестер беруде. Көрмеге келген жастар өңірдегі даму үрдісін назардан тыс қалдырмай, мамандықты саналы түрде таңдауға тырысуда.
Білім көрмесі 9 және 10 ақпан күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Жергілікті түлектер үшін бұл – болашақ кәсібін айқындауға мүмкіндік беретін ауқымды шара.
Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы



