Білім

Б.Балтабаева жоғары білім туралы диплом алды

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің тағы бір мақтанышы – Бағым Балтабаева жоғары білім туралы дипломын салтанатты түрде иеленді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Университет ұстаздарының мәлімдеуінше, «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының түлегі Бағым студенттік жылдары өзін тек білімді жас маман ретінде ғана емес, жан-жақты, белсенді әрі дарынды тұлға ретінде таныта білді.

Ол 2023 жылы «Мисс Аманжолов» атағын жеңіп алып, университеттің абыройын асқақтатты. Бұл жетістік кейінгі үлкен белестердің бастауы болды. 2024 жылы «Мисс Өскемен», артынша «Мисс Қазақстан – 2024» ұлттық байқауының жеңімпазы атанып, еліміздің ең сұлу аруы атағына ие болды.

Алдағы уақытта Бағым халықаралық «Miss World 2026» байқауында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Бағымның жетістіктері сұлулық байқауларымен ғана шектелмейді. Ол – ғылыми ізденісті де қатар алып жүрген жас маман. Республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі III орын иеленіп, ғылыми мақалалардың авторы атанды. Қоғамдық белсенділігі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бүгін қолына диплом алған Бағым Балтабаева – білім мен тәрбиені, ғылым мен шығармашылықты, ұлттық құндылық пен заманауи көшбасшылықты үйлестіре білген жастардың жарқын үлгісі.

Amanzholov University ұжымы талантты түлегін маңызды өмір белесімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы халықаралық додада сәттілік, биік жеңістер мен толағай табыстар тілейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button