Абай облысында заңсыз алтын өндірушілер ұсталды

Абай облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқандардың жолы кесілді. Қаржылық мониторинг агенттігінің аймақтық департаменті прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз барлау және қазу жұмыстары жүргізілген үш бірдей аумақ анықталды. Қылмыстық әрекеттің кесірінен қоршаған ортаға елеулі зиян келген.
Тінту және тексеріс жұмысы нәтижесінде құзырлы органдар алтын түстес металл, бағалы металды байытуға арналған жуу жабдығы және арнайы техникалар мен автокөліктерді тәркіледі.
Қазіргі уақытта осы іске қатысы бар барлық тұлғалар, заңсыз өндірілген бағалы металдардың нақты көлемі мен мемлекетке келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.
Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Minut.kz



