Аида Балаева: Тұрақты тұруға рұқсат беретін мамандықтар тізімі жаңартылады

Қазақстан үкіметі ел экономикасына қажетті жоғары білікті кадрларды тарту саясатын күшейтіп жатыр. Вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәлімдеуінше, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат алуды жеңілдететін сұранысқа ие мамандықтар тізімі қайта қаралады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда арнайы тізімге 51 мамандық енген. Олардың қатарында медицина, жоғары технологиялар және өндіріс саласының өкілдері басым:
- Медицина: нейрохирургтер, гематологтар, онкологтар, бактериологтар.
- Технология: фармацевтика саласының инженер-технологтары, лазерлік жабдықтар инженерлері.
- Креативті индустрия: графикалық анимация техниктері.
Министрдің айтуынша, бұл тізім қатып қалған дүние емес. Ол нарықтың сұранысы мен экономикалық трендтерге байланысты үнемі өзгеріп отырады. Жаңарту жұмыстары «Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында жүргізіліп, 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері 5100 адам сұранысқа ие мамандықтар бойынша жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істеуге рұқсат алған. Сонымен қатар, 75000-ға жуық еңбек иммигранты тіркелген.
Биыл шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша 23,6 мың квота бекітілді. Еңбек иммигранттарына арналған квота саны – 221,8 мың.
Қазақстанның көші-қон саясаты «санынан сапасына» көшуді көздейді. Бұл елімізге тек жұмыс күшін ғана емес, жаңа технология мен білім ала келетін мамандардың келуіне жол ашпақ.
Minut.kz



