Қоғам

Алакөлде қауіпсіздік күшейді

Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының шекарасында орналасқан еліміздің басты туристік нысандарының бірі – Алакөлде жаңа құтқару бөлімшесі іске қосылды. Бұл қадам демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында жасалып отыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жаңа бөлімше алдағы демалыс маусымында көл жағасындағы қауіпсіздікті толық бақылауда ұстамақ. Мамандардың айтуынша, бөлімше шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды. Су айдынында жоғалған немесе көмекке мұқтаж жандарды іздейді. Төтенше жағдай орын алған жерде зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді.

Құтқарушылар тобы тек кәсіби дайындықтан өтіп қана қоймай, қажетті техникалық базамен де қамтылған. Жоғары жылдамдықты жүзу құралдары мен заманауи байланыс және іздестіру жабдықтары бар.

Бұл бастама туристік аймақтағы қауіпсіздік деңгейін жаңа сатыға көтереді. Енді демалушылар қандай да бір қиындыққа тап болса, мамандар бірнеше минут ішінде көмекке келе алады, – дейді сала мамандары.

Сонымен қатар, мамандар қауіпсіздік бекеттерінің көбейгеніне қарамастан, демалушыларды судағы сақтық шараларын ұмытпауға шақырады. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау және белгіленбеген жерлерде шомылмау маңызды.

Еске сала кетейік, Алакөл – еліміздегі ең көп баратын демалыс орындарының бірі. Жаңа бөлімшенің ашылуы өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуына және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай болуына септігін тигізеді.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button