Басты жаңалықМәдениет

Алтай төрінде дүбірлі той: Катонқарағайда халықаралық фестиваль өтіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының ең көрікті аймағы – Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өз жалауын желбіретті. Дүбірлі мәдени шара аясында қазақтың көрнекті ақыны Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды Minut.kz.

Арқалы ақынның рухына тағзым етіп, ұлттық сөз өнерінің мәртебесін асқақтатуды көздеген бұл додаға еліміздің түкпір-түкпірінен ең таңдаулы суырыпсалма ақындар жиналды. Айтыс сахнасында Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының сөз жүйріктері бақ сынауда.

Дүбірлі сөз сайысын белгілі ақын, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізіп отыр. Ал жеңімпаздарды қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің айтулы тұлғаларынан құралған қазылар алқасы анықтайды. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жетекшілік етуде. Сондай-ақ, қазылар құрамында Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Қойлыбай Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан және айтыс сарапшысы Өміржан Көпбосынов бар.

Фестиваль тек сөз өнерімен шектеліп қалған жоқ. Алтайдың баурайында нағыз қазақы ауыл орнап, ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Келген қонақтардың назарына қазақ халқының қолөнері мен тарихынан сыр шертетін арнайы көрмелер ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, жиналған қауым ұлттық спорт ойындарының қызығына кенелді. Білекті жігіттер көкпарда тақым сынысып, тартысты ойын көрсетті. Атбегілер фестивальдің көркін қыздыра түсті.

Алтайдың төріндегі бұл ауқымды шара – Ақтан Нұрбаевтың бай әдеби mұрасын ұлықтап қана қоймай, қазақтың төл өнерін, спорттық ойындары мен мәдени құндылықтарын жас ұрпаққа насихаттайтын тағылымды мәдени шараға айналды.

Фестивальдің тағы бір жарқын жаңалығы – мұнда тек отандық өнерпаздар ғана емес, бауырлас түркі елдерінен келген танымал әншілер де өз өнерлерін ортаға салмақ.

Ал мәдени шараның басты тосынсыйы мен шарықтау шегі – әлемдік деңгейдегі мақтанышымыз, бірегей дауыс иесі Димаш Құдайбергеннің арнайы концерт қоюы болмақ. Дүниежүзін мойындатқан Димаштың Алтай төріндегі өнер көрсетуі халықаралық фестивальдің мәртебесін тіптен асқақтата түспек.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button