Басты жаңалықМәдениет

Берелде Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық поэзия кеші өтті

«Altay fest-2026» халықаралық фестивалі аясында Берел іргесіндегі әйгілі Патшалар жазығында «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кеші өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени шараның шымылдығын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып берді. Өңір басшысы қазақ поэзиясының көркем көкжиегін кеңейткен көрнекті ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойының елдік деңгейде атап өтілуінің маңызына тоқталып, алыс-жақыннан келген меймандарға алғысын білдірді.

Мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарихы сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана басқосудың өзі асқан бақыт. Хакім Абай сөз патшасына теліген қасиетті қара өлеңді халқымыз жай ғана өнер деп бағаламаған. Қазақ үшін сөз – аманат. Сөз – ар. Сөз – ұлттың жадын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір. Ал рухтың өзегі – әдебиет пен өнер, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Поэзия кешіне еліміздің әр түкпірінен іріктеліп келген, көбі халықаралық фестивальдердің лауреаттары атанған 16 ақын қатысты. Кештің ұйымдастырылу форматы көпшілікті тәнті етті. Ақындар сахнаға екі-екіден көтеріліп, екі өлеңнен оқыды. Өнер көрсетіп болған соң, сахна маңында лапылдап жанған алауға отын лақтырып отырды.

Көрермендер бұл рәсімді жазушы Оралхан Бөкейдің әйгілі «Өз отыңды өшірме» шығармасымен байланыстырып, ақындардың жалынды жырларын тапжылмай тыңдады.

Салтанатты шараның марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге белгілі жазушы Әлібек Асқаров қатысты. Ол сөз зергерлерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Поэзия кешінде бағын сынап, жырдан шашу шашқан 16 ақынның әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқасты.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button