Басты жаңалықЭкономика

Билік пен бизнес арасындағы диалог нығайды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Кездесу барысында өндіріс, туризм, гидроэнергетика сынды бағыттарда атқарылып жатқан жұмыс пен алдағы жоспарлар жайы талқыланды.

Облысымызда кәсіпкерлермен өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін іскерлік кеңес құрдық. Өзім айына 1 рет сол кеңестің отырысына қатысып, бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен мәселелерін тыңдаймын. Бізде туризм саласының әлеуеті өте зор. Қазір саланы дамытудың арнайы жоспарын құрып жатырмыз. Ол бір жарым айдың ішінде дайын болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Қанат Шарлапаев Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.

Кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаныңызды білеміз. Бұл жұмыс нәтижелерінен де көрініп тұр. Сол үшін өзіңізге бизнес қауымдастықтың атынан алғыс білдіремін! «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі. Облыстың гидроэнергетика саласына инвестиция тарту бағытында да бірлесе жұмыс істеуге әзірміз, – деді Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы ары қарай өңірдегі бірнеше кәсіпорынды араламақ. Оның ішінде «Шығыс Сүт» корпорациясы, «Силумин-Восток», «Altai Mai» ЖШС-лары бар.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button