Былтыр ШҚО мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 9,2 млн долларды құрады

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Могилёв облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченкомен және Беларусь елінен келген делегациямен кездесуі өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Тараптар сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара достық әрі сындарлы қарым-қатынас нығайып келеді. Бүгінде бұл ынтымақтастықты өңіраралық деңгейде толықтыру маңызды. Ол үшін кәсіпорындар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективалы бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен жылы ШҚО-ның Беларусьпен тауар айналымы 9,2 млн долларды құрады. Биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 4,13 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға өсті. Бұл ретте экспорт 65 пайызға артып, 1,31 млн долларға жетті.
Могилёв облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченко ауыл шаруашылығына арналған машина жасау және заманауи техника өндірісін перспективалы бағыттар ретінде қарастырып отырғандарын атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де жеке қаралды. Шығыс Қазақстан облысында беларусь ұлтының 1 700-ге жуық өкілі тұрады. Бұл мәдени және қоғамдық байланыстарды дамытуға қосымша негіз қалыптастырады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында тікелей өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екендерін атап өтті. Атап айтқанда, Могилёв облысының туристік саласы операторларына Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық турлар ұйымдастыру ұсынылды.
Minut.kz



