ЕАЭО алдында маңызды міндет тұр
Қазіргі геосаяси дүрбелеңдер кезеңінде өтіп жатқан форумның өзектілігі ерекше. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО мемлекеттері басшыларының алдында айтты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр. Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазір әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартатынын қаперде ұстау қажет екенін айтты.

Айта кетейік, биылғы V Еуразия экономикалық форумның маңызы бөлек. Халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады.

Жиынға келген мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Аяулым Әділқызы



