Екі ел делегациясы 13 түрлі келісімге қол қойды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін, ал екіжақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістіктер бар. Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Ухнаагийн Хурэлсух бұл сапар нәтижесінде қос халықтың достығы мен сан қырлы ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.

Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу, – деді Моңғолия Президенті.
Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері қол қойылған құжаттармен алмасты:
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолия Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Моңғолия Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Моңғолия Қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Моңғолия Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
- Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Моңғолия Банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Erdenes Mongol LLC» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Астана қаласының әкімдігі мен Қарақорым қаласының әкімшілік аппараты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум («Жаңа Қарақорым» жобасы);
- Алатау қаласының әкімдігі мен Қарақорым қаласының әкімшілік аппараты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум («Жаңа Қарақорым» жобасы);
- Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені мен Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Моңғолияның «Шыңғысхан» Ұлттық музейі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.
Minut.kz



