Екі елдің арасында шешілмеген мәселе жоқ
Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсетті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қазақстан мен Ресей президенттері алдыменен шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де өз кезегінде қазақ елінің басшысына алғыс айтып, екі елдің қарым-қатынасы бұдан да ары нығая беретініне сенім білдірді.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең әуелі шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін, – деді Владимир Путин.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында атом электр станциясын салуды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру мектебін және дарынды балалар мен жастарға арналған «Қазақстан – Сириус» орталығын құру және оның қызметі туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Омбы қаласындағы филиалында Ресей Федерациясының азаматтарын оқытуға жұмсалатын шығындарды қаржыландыру туралы келісім;
- Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Ресей Федерациясы Қаржы мониторингі федералды қызметі арасындағы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласы бойынша ықпалдастық туралы Келісімге қосымша келісім;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Ресей Федерациясы Орталық банкі арасындағы қазақстандық теңге/ресейлік рубль валюталық своп туралы екіжақты келісім;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Ресей Федерациясы Орталық банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Көлік министрліктері арасындағы көліктегі цифрландыруды дамыту саласы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспары;
- Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Ресей Федерациясы Экологиялық, технологиялық және атомдық қадағалау федералды қызметі арасында Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу саласы бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық жөніндегі 2026-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясы Тұтынушылардың құқықтарын және адамның әл-ауқатын қорғау саласындағы федералдық қадағалау қызметі арасындағы ынтымақтастық бойынша нақты іс-шаралар жоспары;
- «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ресей темір жолы» АҚ темір жолмен жүк тасымалын цифрландыруды дамыту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары.
Сондай-ақ сапар барысында келесі құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ШЖҚ РМК мен «TATMEDIA» АҚ арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
- «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы» Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге бірқатар сауда-экономикалық жоба, Амур жолбарыстарын Қазақстанға жерсіндіру, жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы, «Сириус» мектебі бастамалары таныстырылды.

Президенттер Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достығы аллеясында емен көшетін екті.
Айсу Кенжебекқызы



