Ертіс жағасындағы елдің үрейі күшейді

Шығыс Қазақстан облысындағы Прапорщиково ауылының жұрты бүгін тағы да шулады. Алты жылдан бері Ертіс өзені ауылды біртіндеп «жеп» жатыр. Жағалау опырылып, үйлерге санаулы метрлер ғана қалған. Халық дабыл қаққанымен, биліктің берген уәдесі су бетіндегі көбіктей болып тұр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Тұрғындардың ашуына мінуіне негіз бар. Жыл сайын көктем туса, өзен деңгейімен бірге халықтың үрейі де көтеріледі. Соңғы жылдары Ертіс ауыл ішіне қарай ондаған метр жылжып кеткен. Тіпті, қазір өзеннің астында қалған бау-бақшалары үшін мемлекетке әлі күнге дейін салық төлеп отырғандарын айтып, халық ашынды.

Татьяна Папугаева, ауыл тұрғыны: – «Жыл сайын осы жағдай. Көктем шықса «істейміз» деп уәде береді. Бірақ нәтиже қайда? Алға жылжу жоқ, тек өзен ғана бізге қарай жылжып келеді».
Әкімнің есебі бөлек, халықтың қасіреті бөлек
Глубокое ауданы, Ертіс ауылдық округінің әкімі Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, жағдай «бақылауда». Шенеунік былтырдан бері 520 метр жағалау таспен бекітілді деп есеп берді. Алайда, халық бұл «бекітуді» көзбояушылық деп санайды.

Биыл және былтыр жағаның құлағанын тоқтаттық. Өйткені тас төгіп, 520 метр жағаны бекіттік, – деді Ертіс ауылдық округінің әкімі Ерлан Жұмағұлов.
Өз үйім тұрғанда, неге жалдамалы пәтерге көшуім керек?
Билік үйі құлаудың аз-ақ алдында тұрған жандарға Глубокое ауылынан жалдамалы баспана ұсынған. Бірақ жұрт бұл ұсынысты «мазақ» деп қабылдады. Өмір бойы жиған-терген жеке мүлкін тастап, мемлекеттің жалдамалы үйіне баруды ешкім де қаламайды.

Маған былтыр Глубокоедан жалдамалы үй ұсынды. Неге? Мынау менің жекеменшік үйім ғой! Мен неге пәтер жағалап кетуім керек? Жағаны бекітсін! – дейді ауыл тұрғыны Нина Ефимова.
Жағалаудың жыры тек үйлермен шектелмейді. Дәл өзеннің жиегінде тұрған электр бағандары кез келген сәтте суға кетуі мүмкін. Егер бағаналар құласа, жарықсыз қалатын ел де аз емес. Шенеуніктер бұл жолы да «желілерді ауыстырып, жағаны тағы да нығайтамыз» деп уәде үйіп тастады.

Билік пен бұқара арасындағы диалог тағы да нәтижесіз аяқталғандай. Атқамінерлер кезекті уәдесін берді, ал халық Ертістің арнасы үйінің табалдырығына қашан жететінін күтіп, тағы да үреймен қалды.
Minut.kz



