Интернет-алаяқтың әрекеті әшкере болды

Шығыс Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы медициналық бұйымдар мен емдік кремдерге тапсырыс берген тұтынушы алаяқтарға алданып қалған. Сапасыз тауар мен «бетпердесін» шешпеген сатушының дауына мемлекеттік орган араласуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы «ғажайып» емдік қасиеті бар өнімдердің жарнамасы өршіп тұр. Осындай жарнаманың біріне сенген ШҚО тұрығыны желі арқылы қан қысымын өлшейтін тонометр мен папилломаға қарсы крем-гельге тапсырыс береді. Алайда, «Қазпошта» арқылы келген сәлемдемені ашқанда, тұтынушы оңбай алданғанын түсінген.
Біріншіден, тонометр қан қысымын мүлдем қате көрсетіп, көрсеткішті негізсіз жоғарылатқан. Екіншіден, папилломаны кетіруі тиіс қымбат кремнің орнына қораптан қышымаға (чесотка) қарсы қарапайым қытайлық жақпа май шыққан. Тауар үшін 32 580 теңге төлеп қойған азамат сатушыға хабарласпақ болғанымен, жүкқұжатта тек курьерлік қызметтің нөмірлері ғана көрсетілген.
Тұтынушы тығырықтан жол іздеп, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар жедел іске кірісіп, жасырынған сатушының деректерін анықтады. Түсіндіру жұмыстары мен заңнамалық талаптардан кейін сатушы дауды сотқа жеткізбей шешуге келіскен. Нәтижесінде, тұтынушының жұмсаған 32 580 теңгесі (жеткізу шығындарын қоса алғанда) толықтай қайтарылды.

Қазіргі таңда интернет-сауда саласындағы құқық бұзушылықтар жиілеп кетті. Тұтынушылар көбіне жарнаманың әсерімен сатушының заңды мекенжайын, байланыс деректерін тексермей жатады. Бұл оқиға – соның айқын дәлелі. Біздің департамент сатушыны тауып, заң шеңберінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сауда туралы заңнамаға сәйкес, тұтынушы өзіне ұсынылған тауардың сапасы мен сипаттамасына сай еместігін анықтаған жағдайда, қаражатын толық талап етуге құқылы. Мен азаматтарды тек тексерілген сауда алаңдарын пайдалануға және күмәнді жарнамалардан сақ болуға шақырамын. Егер құқығыңыз бұзылса, үндемей қалмаңыз, міндетті түрде тиісті органдарға хабарласыңыз! – дейді ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин.



