Жалған номер таққандар көбейді
Еліміздегі ақылы жолдарда жалған және жасырын нөмірлерді қолдану әрекеттері жиілеген, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Жыл басынан бері республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыру, өзгерту немесе жалған нөмір қолданудың 1942 дерегі анықталды.
Ведомство мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтар көбіне ақылы жолақы төлеуден жалтару және автоматтандырылған бақылау жүйелерін айналып өту мақсатында жасалады. Алайда бұл әрекеттер заңға қайшы әрі жол-көлік оқиғалары кезінде көлікті сәйкестендіруді қиындатады.
ҚазАвтоЖол мамандары ақылы учаскелерде тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Анықталған жағдайлардың барлығы ішкі істер органдарына жолданып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылдануда.
Мұндай бұзушылықтарға көлік нөмірін оқуға кедергі келтіретін арнайы құрылғыларды қолдану, жалған нөмір орнату және мемлекеттік тіркеу белгісін әдейі өзгерту жатады. Заңға сәйкес бұл әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке, ал кей жағдайларда жүргізуші құқығынан айыруға дейін әкелуі мүмкін.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, нөмір белгілерін талапқа сай ұстауға және ақылы жолдар үшін төлемді уақытылы өтеуге шақырды.
Жанель Жанболатқызы



