Қоғам

Жарты миллионға жуық адам қауіпті аумақта еңбек етеді

Қазақстанда жарты миллионға жуық азамат денсаулыққа зиянды және қауіпті өндіріс орындарында еңбек етіп жүр. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Портал тілшісі еліміздегі еңбек жағдайының қазіргі көрінісін санмен сипаттап көрді. Ең қауіпті сала – Өнеркәсіп.

Министрліктің мәліметінше, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндердің басым бөлігі өндіріс ошақтарында шоғырланған. Жұмысшылардың 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. 40 мың адам электр энергиясы және газбен жабдықтау саласында.

Статистика көрсеткендей, ауыр өндіріс дамыған және кенді өңірлерде қауіпті жағдайда жұмыс істейтіндердің қарасы қалың. Көш басында дәстүрлі түрде Қарағанды облысы тұр.

  • Қарағанды облысы – 84 мың адам
  • Павлодар облысы – 57 мың адам
  • Маңғыстау облысы – 43 мың адам
  • Шығыс Қазақстан облысы – 43 мың адам

Тек осы төрт өңірдің өзінде 220 мыңнан астам адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатыр. Бұл жалпы көрсеткіштің жартысына жуығы.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қорғау шаралары (қысқартылған жұмыс уақыты, қосымша демалыс, арнайы төлемдер мен ерте зейнетке шығу мүмкіндігі) қарастырылған. Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту бағытындағы бақылауды күшейтіп жатыр.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button