Басты жаңалықҚоғам

Катонқарағайдан жер алғысы келетіндер күрт көбейді

Катонқарағайдан жер алғысы келетіндер күрт көбейді. Шығыстың маржанына көз тіккендердің қарасы биыл 50 есеге артқан. Жыл басынан бері аудан әкімдігіне 2 жарым мыңнан астам өтініш түскен. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр дәл осы уақытта небәрі 50 адам ғана жер сұраған еді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Үш айдың ішінде таудай үйілген арыз әкімдіктің жұмысын тұралатып тастады. Шенеуніктер қағазға көміліп, жүйе сыр бере бастаған. Салдарынан жер кезегіне тұрғысы келгендерге уақытында жауап берілмей, заңдылықтар да сақталмаған көрінеді. Мемлекеттік органның салғырттығына ашуланған 120 азамат құзырлы орындарға арызданған. Қазір мамандар бұл кемшіліктерді реттеумен әлек.

Ержан Айқымбеков Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы

Өтініштердің көбеюіне байланысты үстеме жұмыс та көбейіп кетті. Басты мәселе сол. Аудан өңіріндегі жауапты мамандар аппаратпен бірлесіп, сол жұмысты атқарып жатыр – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков.

Мамандар мұндай бұрын-соңды болмаған сұранысты Катонқарағайдың туристік әлеуетімен байланыстырады. Әсіресе, өңірде әуежай салынуы мен мемлекеттің туризмді дамытуға бөлген қомақты қолдауы инвесторлар мен жеке тұлғаларды еліктіріп отыр.

Айта кетейік, телім алуға асыққандар арасында Алматы мен Астананы қойып, тіпті Батыс пен Оңтүстік жұрты да бар.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button