Қоғам

Көлеңкелі бизнеспен күрес күшеймек

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласын дамыту мәселесі аймақ басшылығының жіті назарында. Облыс әкімдігінің бұған дейін өткен отырысында өңірдегі туристік әлеуетті арттыру мен саладағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Былтыр Шығыс Қазақстанға 428 мыңға жуық саяхатшы келген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 650 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туризмнің тұғырын нықтай түсу үшін барлық болжамды жобалар мен қажетті инфрақұрылымды қамтитын кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

Атап айтқанда, өңір басшысы Риддердегі тау шаңғысы кластеріне қатысты арнайы тұжырымдама жасау қажеттігін баса айтты.

Біз өз тарапымыздан жолдарды жөндеп, санитарлық-гигиеналық тораптарды орнатып, инженерлік-коммуналдық желілерді жүргізіп жатырмыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Шығыс Қазақстанның басты артықшылығы – экотуризм мен этнотуризмнің дамуында. Бүгінде аймақтың басты брендтеріне айналып, туристерді көптеп тартатын бірнеше ірі жобалар бар:

  • «Altai Fest» және «Шығыс салбурыны» фестивальдары;
  • Спорттық балық аулау жарыстары;
  • Рафтинг (өзен бойымен қайықпен жүзу) бойынша турнирлер.

Алайда аймақтағы туризмнің дамуын тежеп отырған үлкен мәселе бар – ол заңсыз туристік бизнес. Кәсіпкерлердің едәуір бөлігі салықтан және статистикалық есептен қашып, көлеңкеде жұмыс істеп келеді. Бұл бюджет түсімдерін азайтып қана қоймай, нақты туристік ағынды есептеуге кедергі келтіріп, стратегиялық жоспарлауды қиындатады.

Былтыр Мемлекеттік кірістер департаментінің қолдауымен Ұлан, Алтай және Самар аудандарында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 100-ден астам жосықсыз кәсіпкер анықталды. 52 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Биыл бұл бағыттағы бақылау жұмыстары күшейтіліп, бүкіл өңірді қамтитын болады. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі аймақтағы барлық туристік бағыттар мен маршруттарды толық түгендеуден өткізуді тапсырды.

Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button