Малға вакцина салмаған фермерлерге айыппұл салынады

Қазақстанда мал иелеріне қойылатын талап күшеймек. Енді жануарларды уақытылы екпеден өткізбеген фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин Мәжілісте өткен заң жобасының таныстырылымында мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұған дейін мал екпесін бақылаудың нақты құқықтық тетіктері жеткіліксіз болса, жаңа заң жобасы аясында ветеринариялық қауіпсіздікке тікелей мал иелері жауапты болады. Жаңа жүйенің жұмыс істеу механизмі:
- Цифрлық хабарлама: Мал иесіне ветеринариялық пунктте вакцинация басталғаны туралы арнайы SMS-хабарлама жолданады.
- Міндеттеме: Хабарлама алған шаруа белгіленген уақытта малын егуге алып келуі тиіс.
- Санкция: Егер мал иесі бұл талапты орындамай, жануарларын вакцинацияға әкелмесе, оған айыппұл салынады.
Инфрақұрылым құрылғаннан кейін қосалқы шаруашылықтарға да вакцинацияға қатысты жауапкершілік жүктеледі, – деп атап өтті вице-министр.
Күні кеше Мәжілісте таныстырылған «Ветеринария мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы еліміздегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыруды көздейді.
Бұл қадам ветеринар мамандардың жұмысын жүйелеп қана қоймай, аса қауіпті инфекциялардың таралуын алдын алуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Minut.kz



