Мектеп оқулықтары тағы өзгереді

Қазақстан мектептерінде тағы да үлкен өзгеріс. Тәуелсіздік алғалы бері оқулықтарды жаңартудың осымен төртінші ауқымды толқыны басталмақ. Оқу-ағарту министрлігі бұл реформа білім сапасын арттырып, балалардың ойлау қабілетін дамытады деп сендіреді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Жоспар бойынша жаңа жүйе үш жылға созылады. Сонымен, жаңа оқу жылында 3 және 4, 7, 8, 9 сынып оқулықтары жаппай жаңартылмақ. Келесі жылы 1 мен 5 сыныптар жаңа кітаппен оқиды. Жоғары сынып оқулықтарындағы карталар мен тарихи, әкімшілік материалдар түзетіледі. Ал 2 және 6 сыныптарға кезек 2028 жылы келеді. Биылғы өзгерістің басы «Әліппеден» басталмақ.

Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа ұзартылды. Әліппе пәнін оқуға 84 сағат бөлінді. Сонымен бірге, ана тілі пәні екінші жарты жылдықта 102 сағат көлемінде оқытылатын болады, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Яғни, тілдік пәндердің мазмұны айтарлықтай жаңарады. Математика пәнінде де өзгеріс бар. 1-4 сыныптар үшін 244 оқу мақсаты толық қайта қаралды. Мәселе тек мұқаба мен мазмұнда емес. Министрлік сауаттылықпен бірге, тәрбие ісін де шегендеп алғысы келеді. Енді балалар «Адал азамат» бағдарламасымен тәрбиеленіп, «Конституция негіздері», «Заң және тәртіп» курстарын оқиды.
Министр: – осы оң өзгерістер мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі барлық деңгейді қамтиды. Оқу-ағарту министрлігі білім стандарты, оқу жоспарлары, білім беру бағдарламаларының барлығын Жаңа Конституциядағы нормалар мен құндылықтарға сәйкес, қайта қарастыруды жүзеге асыруда, –деді.
Айта кетейік, осыған дейінгі үш реформа да қоғамның қатты сынына ұшыраған еді. Себебі біреу – бітпейтін қателер, қисынсыз тапсырмалар, сауатсыз аудармалар. Бұған дейін министрлік баспаларға қатені өз есебінен түзетуді міндеттесе, биыл авторларға қойылатын талап тіптен күшейді. Қазіргі ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені жеке бақылауына алып, осы төртінші реформа мектеп бағдарламасын заманауи экономикаға бейімдейді деп сендірді. Бірақ бұл жолғы кітаптар шынымен мінсіз бола ма, әлде тағы да қате іздеп әуреге түсеміз бе? Оны уақыт көрсетеді.
Minut.kz



