Экономика

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы мәлімет берілді. Жеңіс Қасымбек Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалатынын жеткізді.

Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар. Бүгінде Astana LRT жеңіл рельсті көлік желісі толық жұмыс істеп тұр. Елорданың қоғамдық көлік жүйесін жандандыру мақсатында жобаның екінші кезеңі пысықталуда, – деді еліміздің бас қаласының әкімі.

Шаһар басшысы бұдан өзге қаладағы әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты. Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ.

Сонымен қатар, Президентке қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы баяндалды. 2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі

Басқа жаңалықтар

Back to top button