Моңғолия Президенті Қазақстанға келе жатыр

Келесі апта Елорда үшін халықаралық деңгейдегі маңызды кездесулер мен жоғары мәртебелі сапарларға толы болмақ. Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстанға Моңғолия Президенті мемлекеттік сапармен келеді және Орталық Азияның экологиялық тағдыры талқыланатын ауқымды саммит өтеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Қазақ-моңғол қатынастарының жаңа кезеңі басталмақ. 20-23 сәуір күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар мынадай басымдықтарды талқылайды:
- Саяси диалогты тереңдету;
- Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту;
- Мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру;
Ал 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит жалауын тігеді. Бұл БҰҰ аясында құрылған жаңа диалог алаңы болып табылады. Саммиттің негізгі мақсаттары:
- Орталық Азияның орнықты дамуына ортақ көзқарас қалыптастыру;
- Климаттық өзгерістер мен экологиялық сын-қатерлерге қарсы бірлескен шешімдер іздеу;
Ауқымды жиынға бірқатар мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтілуде.
Саммит аясында, атап айтқанда 22 сәуірде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшыларының кеңесі өтеді. Бұл жиында аймақтағы су ресурстарын басқару және Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды сауықтыру мәселелері шешім таппақ.
Minut.kz



