Басты жаңалықҚоғам

Нұрымбет Сақтағанов түлектермен бірге ағаш екті

Өскеменде мектеп бітіруші түлектер «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қаланы жасылдандыруға атсалысты. Игі шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, жастармен бірге тал екті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өңір басшысы түлектерге ақ жол тілеп, бүгінгі егілген ағаштың жас мамандар үшін символикалық мәні зор екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл әрекет оқушылардың туған жеріне деген махаббаты мен жауапкершілігін арттырады.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Әрбір ағаш отырғызған бала енді сол тал үшін жауапты. Қанша уақыт өтсе де, ол осы ағашты біліп, ойлап жүреді. Кейін бала-шағасымен келіп, мақтанышпен көрсететін болады. «Атасы отырғызған ағаштың көлеңкесінде ұрпағы саялайды» деген аталы сөз бар. Бүгінгі шара – осының айқын көрінісі», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жалпы қала бойынша өткен экологиялық шараға 2650 түлек қатысып, барлығы 2500 түп көшет отырғызды.

Орынгүл Әбдірахманова М.Шаяхметов атындағы орта мектептің мұғалімі

Биыл біздің мектепті барлығы 59 бала бітіреді. Осы түлектердің 11-і «Алтын белгіге» үміткер үздік оқушылар. Енді міне бүгінгі ағаш егу акциясына арнайы келіп, қатысып жатырмыз. Президентіміз бастаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясына үлесімізді қосйық деген мақсат. Облыс әкімінің түлектерді қолдап, осындай іс-шара ұйымдастырғанына қуаныштымыз. Енді осы аллеяда біздің де қолтаңбамыз қалды. Ертең еккен ағашымызға қарап жүреміз. Мәуелеп өседі деген сенімдеміз, – М.Шаяхметов атындағы орта мектептің мұғалімі Орынгүл Әбдірахманова.

Ұстаздың ойынша, мұндай акциялар оқушылардың бойында патриоттық сезімді оятады. Түлектер де өз кезегінде бұл істің экологиялық маңызына тоқталды.

Кәусар Аянқызы №48 орта мектептің түлегі

Мен үшін ағаш отырғызу жай ғана акция емес. Қаланы жасылдандыру бұл – «Жасыл ел» акциясына, ауаның тазаруына үлкен үлес қосу деп білемін. Экологиямыз тазарады. Сондықтан осы мақсаттағы іске үлес қосқаныма қуаныштымын,, – деді Кәусар Аянқызы №48 ортамектептің түлегі.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша биылғы оқу жылының қорытынды көрсеткіштері төмендегідей:

  • 5184 оқушы – 11-сыныпты бітіреді;
  • 4350 оқушы – Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысады;
  • 494 түлек – «Алтын белгіге» үміткер;
  • 439 оқушы – үздік аттестаттан үмітті.

Айта кетейік, бұл игі шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының ажырамас бөлігіне айналды.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button