Басты жаңалықҚоғам

Өндірісті қала Өскеменнің келбеті өзгереді

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында тұрғын үйлердің сыртқы келбетін заманауи талаптарға сай жаңғыртудың ауқымды науқаны басталды. Биыл қала билігі тек эстетикалық әдемілікке ғана емес, ғимараттардың энергия тиімділігі мен төзімділігіне баса назар аударып отыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өскемен – өзіндік сәулеттік қолтаңбасы бар қала. Дегенмен, уақыт өте келе көпқабатты үйлердің қасбеттері тозып, қаланың жалпы панорамасына нұқсан келтіре бастағаны жасырын емес. Осы мәселені жүйелі шешу мақсатында қалада көпқабатты үйлерді қайта қалпына келтіру және жөндеу қағидалары аясында арнайы жоба қолға алынды.

Бұл бастаманың басты мақсаты – қаланың сәулеттік бірегейлігін сақтай отырып, оны заманауи мегаполистердің деңгейіне жеткізу. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары бұл жұмыс жай ғана «сырлау» емес, кешенді жаңғырту екенін айтады.

Қазіргі таңда жұмыс қарқыны ең жоғары аймақтар анықталды. Жөндеу бригадалары мен арнайы техникалар  Әуезов даңғылы, 49б, Нұрмағамбетов көшесі, 50 және 53, Протазанов көшесі, 61 үйлерде іске кірісіп кетті.

Бұл нысандар кездейсоқ таңдалған жоқ. Олар қаланың басты магистральды көшелерінде орналасқан және тозу деңгейі жоғары үйлер саналады. Тұрғын үй қатынастары бөлімі тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Қымбат Әбішеваның айтуынша, мердігер ұйымдар қажетті техникамен және материалдармен толық қамтамасыз етілген.

Өскеменнің қысы қатал, жазы ыстық. Мұндай күрт құбылмалы климатқа қарапайым сылақ пен бояу ұзақ шыдамайды. Сондықтан, биылғы жөндеу жұмыстарында фиброцементті панельдер қолданылуда. Бұл материалдың артықшылығы ылғалға және күн сәулесіне өте төзімді. Ол ондаған жылдар бойы бастапқы түсін жоғалтпайды. Материал жанбайды, бұл көпқабатты үйлер үшін өте маңызды фактор. Панельдерді орнату кезінде үйлердің қабырғасы қосымша оқшауланады. Бұл қыста пәтерлердің жылы, ал жазда салқын болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, эстетикалық жағына да мән берілген. Фиброцементтің фактурасы мен түстер палитрасы қалаға заманауи, еуропалық стиль сыйлайды, – дейді Өскемен қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі тұрғын үй инспекциясы секторының меңгерушісі Қымбат Әбішева.

Жоспар бойынша аталған төрт нысанның жөндеу жұмыстары алдағы үш айдың ішінде толық аяқталуы тиіс. Осы уақыт ішінде тек қасбеттер ғана емес, сонымен қатар, үйлердің бірыңғай стилін сақтау үшін қосымша элементтер де реттеледі.

Алайда, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Бөлім меңгерушісінің мәлімдеуінше, бағдарламаның келесі кезеңінде Әуезов даңғылының бойындағы басқа да көпқабатты үйлер кезекке қойылған. Бұл дегеніміз, Өскеменнің басты көшелерінің бірі алдағы уақытта мүлдем жаңа кейіпке енеді деген сөз.

Қала билігінің бұл бастамасы тұрғындар тарапынан қолдау тауып отыр. Көпқабатты үйлердің сыртқы келбетінің өзгеруі тек эстетикалық ләззат қана емес, сонымен қатар жылжымайтын мүліктің нарықтағы құнын да арттырады.

Қаламыздың осылай өзгеріп жатқанына қуаныштымыз. Бұрын үйлер сұрғылт, ескі көрінетін. Енді заманауи материалдар қолданылып жатқан соң, үйіміз жылы әрі әдемі болады деп сенеміз, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Айгүл Мөкеева.

Өскемендегі қасбеттерді жаңарту – бұл тек сәндік жұмыс емес, қалалық инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді стратегиясының бір бөлшегі. Сапалы материалдар мен жүйелі жоспардың арқасында Шығыс Қазақстанның бас шаһары жақын арада еліміздегі ең көрікті әрі жайлы қалалардың біріне айналмақ.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button