Өскеменде кәсіпкерлердің «Altay business» форумы өтті

Өскемен қаласында аймақ кәсіпкерлері, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерінің басын қосқан ауқымды «Altay business» форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты – бюрократиялық кедергілерді жою, инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету және кәсіпкерлікті кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыру.

Форум аясында жергілікті өнім өндірушілердің көрмесі өтті. Көрмеге қатысушылар мемлекеттік грант иегерлері. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерін көрсетті.

Біз ең бірінші үкімет берген 5 миллион теңге гранттан бастадық. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алты жылдан бері кәсібімізді ақырындап дамытып келеміз, – дейді кәсіпкер Ақжарқын Ақылқызы.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек:
- 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді;
- 157 мыңнан астам адам осы салада еңбек етеді;
- Инвестиция көлемі 838 млрд теңгеден асты.
Жиын барысында IT, туризм, агробизнес және креативті индустрия өкілдері «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет алу жолдарын талқылады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов билік пен бизнестің серіктестігіне тоқталып өтті.

Біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге серіктес болу, ашық жағдай жасау және жобаларды сүйемелдеу. Соңғы жылдары әкімшілік рәсімдерді 62 пайыздан жоғары қысқарттық. Бизнес үшін негізгі процестерді айтарлықтай жеңілдетіп жатырмыз, – деді өңір басшысы.
Форум қатысушылары бұндай ортақ алаңдардың ұтымды шешімдер қабылдауға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Жанель Жанболатқызы



