Өскеменде Құрбан айт ұлттық нақышта тойлануда

Шығыс Қазақстан облысында Құрбан айт мерекесі кең көлемде атап өтілуде. Өскемен қаласындағы орталық «Халифа Алтай» мешітінде таң сәріден жиналған жамағат Айт намазын оқып, ұлық мейрамды бастап кетті. Мешіт ауласында киіз үйлер тігіліп, қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Думан Нәдірұлы биылғы мерекенің ерекшелігіне тоқталып, өңір жұртшылығын құттықтады.
Мінеки, бүгін қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні. Таң сәріден халқымыз мешіттерге жиналып, Айт намазын оқыдық. Шариғатымызда алдымен Айт намазы оқылып, содан кейін барып құрбандық шалынады. Биыл елімізде Құрбан айт мерекесін ұлттық нақышта атап өтуге ерекше көңіл бөлінуде, – деді өңірдің бас имамы.
Бас имам сонымен қатар құрбандық шалу рәсімінің тәртібі мен оның әлеуметтік маңызын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, құрбандық шалу шарасы үш күн бойы жалғасады және Өскеменде бұл үшін арнайы Атығай асуы белгіленген.
Құрбандық етін үшке бөліп таратқан абзал. Оның бір бөлігін өзіне қалдырып, бір бөлігін туған-туысқа, ал тағы бір бөлігін мұқтаж жандарға беру – сауапты іс. Өйткені, Құрбан айт – қайырымдылық пен мейірімнің мерекесі. Жағдайы бар адам мұқтаж жанға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауы арқылы қоғамда ауызбіршілік беки түседі, – деп толықтырды Думан Нәдірұлы.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша құрбандық шалатын оннан астам ресми орын белгіленіп, санитарлық және ветеринарлық бақылау күшейтілген. Сондай-ақ мереке аясында еріктілердің көмегімен жүздеген мұқтаж отбасыға қайырымдылық көмек жеткізіліп жатыр.
Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі



