Өскемендік жастар Мәжіліс депутатымен жүздесті

Шығыс Қазақстан облысында белсенді жастардың басын қосқан «BIR TOLQYNDA» еркін пікір алаңы ұйымдастырылды. Шара аясында өңір жастары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саировпен ашық диалог құрып, көкейкесті сауалдарына жауап алды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Жастардың қоғамдағы рөлі мен өңірлерді дамытудағы белсенділігіне тоқталған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл алаңның маңыздылығын атап өтті.

Жастардың үні тек ірі қалаларда ғана емес, шалғай аудандар мен ауылдарда да естілуі керек. Себебі өңірдің дамуы – белсенді жастардың идеясы мен бастамасына тікелей байланысты. «AMANAT» партиясы әрқашан жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Халық үніне құлақ асатын Парламентте белсенді, интеллектуал жастарға әрқашан орын бар, — деді депутат.
Жиында қандай мәселелер көтерілді?
Кездесуге 150-ден астам өңір жастары қатысып, халық қалаулысына тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Жастар тарапынан негізгі мынадай өзекті тақырыптар қозғалды:
- Саяси белсенділік таныту және шешім қабылдау процестеріне араласу;
- Шеткі аудандарда жұмысқа орналасу және жас мамандарды қолдау;
- Студенттерге көрсетілетін әлеуметтік көмектер;
- NEET санатындағы (оқымайтын, жұмыс істемейтін) азаматтардың мәселелері.
Ерлан Саиров әрбір сауалға жеке тоқталып, қазіргі таңда заңнамалық деңгейде және мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Экология мен кәсіпкерлік — жастардың назарында
Жиынның екінші бөлігінде спикерлер жастар саясаты, эко-мәдениет және цифрлық кәсіпкерлік бағыттары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті:
- Жастар жобалары: «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы кеңесшісі Жансая Қуанышбекова партиялық бастамалар мен жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту жобаларына тоқталды.
- Эко-мәдениет: Эко-белсенді Ясса Танир «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын айта келе, экологиялық жауапкершілік тек сенбілікпен шектелмей, тұрақты өмір салтына айналуы керектігін жеткізді.
- Цифрлық бизнес: Жас кәсіпкер әрі блогер Арслан Дәуітбек жеке бренд қалыптастыру, әлеуметтік желіні тиімді пайдалану және шағын идеяны үлкен кәсіпке айналдыру жолдары туралы сөз қозғады.
Айта кетейік, «BIR TOLQYNDA» диалог алаңдары бүгінде республикалық деңгейде қатар өтіп жатыр. Тура осындай кешенді шаралар дәл бүгін Ақтөбе және Түркістан облыстарында да ұйымдастырылды.
Жанель Жанболатқызы





