Өскемендік сарбаз жауынгерлік самбодан күміс жүлде иеленді

Өскемендік сарбаз жауынгерлік самбодан ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орал қаласында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін спорттық және жауынгерлік самбодан республикалық чемпионат мәресіне жетті. Боз кілемдегі тартысты додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғаған өскемендік сарбаз Ілес Өмірбаев 58 келі салмақта күміс жүлде иеленді.
Байрақты бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық әскери спортшы бақ сынасты. 5518 әскери бөлімінің сарбазы Ілес Өмірбаев 5 белдесуде басым түсіп, тек финалда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өкіліне жол берді.
Илес негізінен дзюдо маманы. Жауынгерлік самбомен алғаш рет әскер қатарында танысып, дебюттік жарысында-ақ тұғырдан көрінді.
Негізі күресе білетін адам кез келген жекпе-жек түрінде жетістікке жете алады. Бұған дейін дзюдомен шұғылдансам, әскерде жауынгерлік самбоның әдіс-тәсілдерін меңгердім, – дейді жас спортшы.
Қызылорда облысының тумасы Ілес Өмірбаев қазіргі уақытта Өскемен қаласында қоғамдық тәртіпті күзету бойынша әскери борышын өтеп жүр. Жеңімпаздарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков арнайы марапаттады.
Minut.kz



