Басты жаңалықЭкономика

Президент Үкімет басшысын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновтен бірінші жартыжылдықтың есебін алып, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Премьер-министр бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баяндады.

  • Биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады.
  • Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек.
  • Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайды.
  • Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізді.
  • Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайыз болды.
  • Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.
  • Өткен маусымның қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы аса жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, үш ЖЭО «жасыл» аймаққа ауыстырылды.
  • Биылғы жөндеу жұмыстары 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны қамтиды. Аталған мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген.
  • «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.
  • Шетелден тартылған инвестиция көлемі 10 миллиард доллардан асты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыруды тапсырды.

Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алу міндеті жүктелді. Бұл бастама ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартуға тиіс.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button