Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысында сөз сөйледі
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Мәжіліс пен Сенаттың отыз жылдық қызметін қорытындылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Президент өз сөзінде заң шығарушы органның тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тарихи рөлі мен жетістіктеріне жоғары баға берді.
30 жылдағы негізгі көрсеткіштер:
- 3,5 мыңға жуық заң: Осы уақыт ішінде Парламент ел дамуының құқықтық негізін қалаған мыңдаған маңызды құжаттарды қабылдады.
- Депутаттардың бастамасы: Қабылданған заңдардың әр оныншысы (10%-ы) халық қалаулыларының өз бастамасымен әзірленген.
Мемлекет басшысы Парламент уақыт талабына бейімделіп, қоғам сұранысына сай жұмыс істеген тиімді институт ретінде қалыптасқанын, заң шығару жүйесінің қалыптасуына отандық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің зор үлес қосқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Парламент тәуелсіздік жылдарында келесідей стратегиялық бағыттарда маңызды рөл атқарды:
- Мемлекеттілікті нығайту: Елдің егемендігі мен тұтастығын қорғайтын заңнамалық база жасалды.
- Құқықтық жүйені қалыптастыру: Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді.
- Нарықтық экономиканы дамыту: Елге инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған реформаларға жол ашылды.

Сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент елде қазақ мемлекеттілігінің іргетасын түбегейлі жаңғырту басталатынын мәлімдеді. 1 шілдеден бастап жай ғана әкімшілік реформа емес, ел дамуының жаңа тарихи кезеңін айқындайтын ауқымды өзгерістер жүзеге асады. Оның сөзінше, бұл – қазақ мемлекеттілігінің негізін жаңғыртуға бағытталған бұрын-соңды болмаған реформалар.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енеді.
Жанель Жанболатқызы



