Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында үндеу жасады
Құрметті отандастар! Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп. Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттік айтуынша, Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.
Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын, – делінген үндеуде.



