Басты жаңалықДенсаулық

Қазақстан Эболаға байланысты санитарлық бақылауды күшейтті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада Эбола қызбасының өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Саяхатқа немесе іссапарға шығуды жоспарлап отырған отандастарымыз үшін бұл – аса маңызды ескерту, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұл жолы індеттің таралуына Эбола вирусының сирек кездесетін, қауіпті түрі – Bundibugyo штаммы себеп болып отыр. Оның басты қауіптілігі – қазіргі уақытта бұл штаммға қарсы арнайы вакцина да, нақты бекітілген ем де жоқ.

Осыған байланысты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығатын азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Эбола вирусы ауа арқылы таралмайды. Оның негізгі жұғу жолдары:

  • Вирус жұқтырған адаммен немесе жануарлармен тығыз байланыс;
  • Науқастың биологиялық сұйықтықтары (қаны, сілекейі, тері және т.б.) арқылы.
  • Маңызды: Дерттен қорғанудың жалғыз жолы – жеке бас гигиенасын мінсіз сақтау және қауіпті аймақтарда сақтық шараларын ұстану.

Егер сіз жақын арада шетелге, әсіресе Африка құрлығына сапар шегуді жоспарласаңыз, мына ережелерді жадыңызда ұстаңыз:

  • Ақпарат жинаңыз: Сапарға шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен міндетті түрде танысып алыңыз.
  • Гигиена сақтаңыз: Қолыңызды жиі жуыңыз, антисептиктерді қолданыңыз.
  • Байланысты шектеңіз: Жергілікті жабайы жануарларға жоламаңыз және ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болыңыз.
  • Күмәнді тағамнан бас тартыңыз: Шикі немесе шала піскен ет өнімдерін тұтынбаңыз.

Шетелдік сапардан қайтқаннан кейін өз денсаулығыңызды кем дегенде 21 күн бойы (вирустың жасырын кезеңі) мұқият бақылауда ұстауыңыз қажет.

Егер сізде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет немесе бас ауруы, лоқсу, құсу секілді алғашқы белгілер пайда болса:

  • Дереу дәрігерге қаралыңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз.
  • Медицина мамандарына шетелге шыққаныңыз және қай елде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлаңыз.
  • Ешқандай жағдайда өз бетінше емделумен айналыспаңыз! бұл өміріңізге өте қауіпті.

Денсаулық сақтау министрлігі сапар барысында барынша сақ болуға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button