Сайлауда 5 партия қажетті дауысты жинай алды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттары сайлауының нақтыланған алдын ала нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Дауыс жинау көрсеткіші төмендегідей:
- «Әділет» партиясы 6 528 948 адам немесе 71,17 пайыз;
- ЖСДП 469 058 адам немесе 5,11 пайыз;
- «Байтақ» партиясы 97 751 адам немесе 1,07 пайыз;
- ҚХП 285 395 адам немесе 3,11 пайыз;
- «Ауыл» партиясы 574 621 адам немесе 6,26 пайыз;
- «Ақжол» партиясы 478 083 адам немесе 5,21 пайыз;
- Respublica партиясы 509 631 адам немесе 5,56 пайы.
- Ал 230 446 адам немесе сайлаушылардың 2,51 пайызы бәріне қарсы болды.
Осылайша, алдын ала нәтиже бойынша 7 партияның 5-еуі Құрылтай құрамына өту үшін қажетті 5 пайыз межеден асты.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Құрылтай сайлауының нақты қорытындысы сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмейтін мерзімде белгіленеді деді.
Айта кетейік, Бұл Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауы. Елімізде тұңғыш рет парламент сайлауы 1994 жылы өткен болатын. Ол кездегі заң шығарушы орган бір палаталы парламент әрі Жоғарғы кеңес деп аталды.
1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, соған сәйкес Мәжіліс және Сенаттан құралған екі палаталы парламент жасақталды. Жаңа құрылым 1996 жылы жұмысына кірісті. Содан бері екі палаталы парламент тарихында сегіз рет сайлау өткізілді.
Соңғы сегізінші шақырылымдағы парламент биылғы 1 шілдеге дейін қызмет атқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген жаңа Конституция күшіне енген соң, Қазақстан Парламенттің екі палаталы құрылымынан бір палаталы заң шығарушы органға ауысты. Бір палаталы жаңа парламент Құрылтай деген атауға ие болды.
Minut.kz



