Сапасыз тауар ақшасы иесіне қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысындағы дүкен иесі сапасыз орнатылған бағдарлама үшін тұтынушыға 133 мың теңгеге жуық қаражатты қайтарды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Тұтынушы ноутбук сатып алу кезінде 132 990 теңгеге «Үйге арналған кәсіби» қосымша қызметтер пакетін жаздырған. Алайда, құрылғыны пайдалану барысында қызметтің сапасыз көрсетілгені белгілі болды. Ноутбукке бөгде тұлғаның корпоративтік есептік жазбасы және жеке тұлғаларға арналмаған Microsoft Office платформасы орнатылып қойған. Салдарынан сатып алушы бағдарламаларды толыққанды пайдалана алмаған.
Азамат өңірдегі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданды. Ведомство мамандары жүргізген түсіндіру жұмыстарынан кейін, дүкен әкімшілігі жіберілген кемшіліктерді мойындап, азаматқа төленген қаражатты толық көлемде өз еркімен қайтарып берді.
Жанель Жанболатқызы



