Басты жаңалықЭкономика

ШҚО-да 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының кезекті 30-шы сессиясы өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Сессияға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мәслихат төрағасы Денис Рыпаков және өзге депутаттар, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты. Жиында өңір басшысы өзіне жүктелген міндеттердің орындауы жөнінде есеп берді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.Сақтағанов

Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер оң серпінді көрсетіп отыр. Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы шамамен 15 пайызға өсті. Орташа айлық жалақы 8 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыздан аспайды. 11 мың жұмыс орны құрылса, оның 8 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Стратегиялық міндетіміз – өсімнің жаңа негіздерін қалыптастырып, қайта өңдеу ауқымын кеңейту және өнеркәсіптің жаңа бағыттарын жүйелі түрде дамыту, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Экономиканы әртараптандыру өңірдің инвестициялық саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Облыстық жобалар портфеліне 12 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 1,5 трлн теңгеге 103 бастама енгізілген. Осы жылы 12 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асса 1300 жұмыс орны ашылмақ.

Агроөнеркәсіптік кешен тұрақты өсім көрсетуде. Өндіріс көлемі 3 пайызға өсіп, 181 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 4 пайызға, сүт өндірісі 5 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 221 млн АҚШ долларын құрады, ал оның құрылымындағы терең өңделген өнім үлесі 69 пайыздан 77 пайызға дейін өсті.

Шығыс Қазақстанда 961 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша оның 408,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілмек. Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін 701 пәтер, оның ішінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 401 пәтер сатып алу жоспарланған.

Экологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Соңғы 5 жылда Өскемен қаласындағы стационарлық көздерден шығарындылар 3%-ға немесе 1,6 мың тоннаға төмендеді. Ауаның сапасы 10 бекетте бақыланады, 25 бағдарламалық-аппараттық кешен орнатылды және заманауи талдамалық жабдықпен жарақтандырылған мобильді зертхана сатып алынды. Алдағы жоспарларды іске асыруда жастарға ерекше рөл береміз. Облыста тұратын 168 мың жастың 128 мыңы экономикалық белсенді жастар, – деді облыс әкімі.

«Жасыл ел» жобасы бойынша 1,2 мың адам жұмысқа орналастырылған. NEET санатындағы жастардың үлесі 4,3 пайызды құрайды, олармен тиісті жұмыс жүргізілуде.

Бүгінде іске асырылып жатқан облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы туындап отырған сын-қатерлерге жүйелі жауап болмақ. Ол өсудің екі тірек аймағын – Өскемен қаласын макроөңірдің орталығы ретінде және Зайсан қаласын шекара маңындағы логистикалық торап ретінде қалыптастыруды көздейді. 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 10 трлн теңгеге дейін екі есеге ұлғайту, 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту, бюджетке түсетін меншікті кірістердің жыл сайынғы өсімін 18-20% деңгейінде қамтамасыз ету, көші-қон ағынын азайту және халықтың облыста тұрақтап қалуы үшін жағдай жасау жоспарлануда, – деді өңір басшысы.

Сессия барысында облыс әкімі ҚР Парламентінің 30 жылдығына орай депутаттарға ізгі тілегін жеткізіп, мерейтойлық медальдарды табыс етті.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button