Қоғам

ШҚО-да Қарақұмық 127 пайызға қымбаттаған

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) негізсіз үстемеақы қосқан кәсіпкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бағаны жасанды түрде көтерудің заңсыз схемасын құрғандардың әрекетін өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әшкерелеген. Департамент өкілдері электрондық шот-фактураларды талдау барысында өнімсіз делдалды анықтады. Белгілі болғандай, өңірдегі жеке кәсіпкерлердің бірі тауар құнын қымбаттату үшін жасанды делдалдық буын құрған.

Кәсіпкер стратегиялық тауарларды (қарақұмық, қант, тұз) сатып алып, оны өзінің бақылауындағы ЖШС-ға қайта сатып отырған. Мұндай «ішкі сауда» салдарынан тұрғындар үшін тауар бағасы бірнеше есе өскен:

  • Қарақұмық жармасы: үстемеақы 127% құрады (241 теңгеден сатып алынып, 550 теңгеден сатылған);
  • Қант: үстемеақы — 45%;
  • Йодталған тұз: үстемеақы — 41%.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Ең бастысы – өнімсіз делдал жеткізу тізбегінен толықтай алынып тасталды. Бұл алдағы уақытта аталған өнімдердің әділ бағамен сатылуына мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылатын шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.

Департамент өкілдері бағаны бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын ескертеді. Егер сіз әлеуметтік тауарлар бағасының негізсіз өскенін байқасаңыз, келесі мекенжай бойынша хабарласа аласыз: Өскемен қаласы, 30-гвардиялық дивизия көшесі, 22.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button