Басты жаңалықБілім

ШҚО-да тегін IT-мектеп ашылады

Өскеменде Tomorrow School – бағдарламалау мен жасанды интеллект мектебі ашылады. Онда оқыту дәстүрлі дәрістерсіз, толығымен практикаға, өз бетінше ізденуге және командалық жобаларға негізделген, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Білім ошағының басты ерекшелігі – Қазақстандағы peer-to-peer форматындағы алғашқы мектеп. Мұғалімдер болмайды. Студенттер тапсырмаларды өздері орындап, бір-біріне көмектеседі. Нәтижесінде жастар технологиялық ортада тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Қатысушылар үшін тәулік бойы қолжетімді кампус, кәсіби IT-қоғамдастық пен нетворкинг алаңы қарастырылған.

Оқудың алғашқы кезеңінде 24 тамыздан 19 қыркүйекке дейін 4 апталық «Бассейн» интенсиві өтеді. Қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, емтихан тапсырып, топтық жобалармен жұмыс істейді. Барлығы төрт интенсив өткізу жоспарланған, олар 150 адамға дейін қамтиды.

Іріктеу қорытындысы бойынша 18 жастан асқан 25 қатысушы Tomorrow School негізгі бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады. Бағдарламаның ұзақтығы – екі жыл.

Алғашқы интенсивке тіркелу 21 тамызға дейін жалғасады. Check-In 21 тамызда өтеді. Өтетін мекенжайы: Өскемен қаласы, Протозанов көшесі, 69, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ корпусы, 405 аудитория.

Айта кетейік, оқу тегін. Жаңа жоба Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button