Басты жаңалықҚоғам

ШҚО-да Ұлттық домбыра күніне орай жаңа сәулет нысаны ашылды

Облыс аумағында ғасырлар үнін жеткізген мұра кең көлемде дәріптелді

Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында Ұлттық домбыра күні қарсаңында елеулі мәдени оқиға орын алды. Балалар музыка мектебінің аумағында қазақтың төл аспабы мен ұлттық музыкалық мұрасына арналған жаңа шағын сәулет нысанының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Жаңа нысан өңірдегі мәдениет пен салт-дәстүрді ұлықтаудың, ұлттық құндылықтарға деген ерекше құрметтің белгісіне айналмақ.

Мәдени іс-шараға аудан басшылығы, қоғам қайраткерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Сөз алған қонақтар домбыраның жай ғана аспап емес, қазақ халқының рухани болмысы мен ұрпақтар сабақтастығының символы екенін айтып түсіндірді.

Мерекенің шырайын Балалар музыка мектебінің ұстаздары мен шәкірттері кіргізді. Олардың орындауында Ұлы даланың тарихы мен халықтың асқақ рухын бейнелейтін әйгілі қазақ күйлері күмбірледі. Нақышына келтіріп орындалған шығармалар жиналған қауымға ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастамалар ата-бабадан аманат болған рухани мұраны сақтауға, оны кеңінен насихаттауға және өскелең ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға зор үлес қосады.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button