Қоғам

Шығыс Қазақстан облысында ауқымды сенбілік өтеді

Ертең Шығыс Қазақстан облысында ауқымды сенбілік өтеді. Іс-шараға 100 мыңға жуық адам және 326 кәсіпорын қатыспақ, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында белгілі болды. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңеске бизнес, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Онда «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылу жайы талқыланды.

Ертеңгі сенбілік аясында өңірде 11 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 1190 гектар аумақ, 129 өзен мен бұлақ тазартылатын болады. Негізгі жұмыс Өскемен қаласында және басқа да елдімекендерде жүргізіледі.

Шығыс Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Жинақылық бір реттік акция емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне барлық ауланы, соның ішінде саяжай алқаптарын тұрғындарды тарта отырып, тазалау жұмыстарын белсенді ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, өткен жылғы акцияларға шамамен 150 мың адам қатысты. 1,5 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 3800 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Биылдың өзінде аталған бастамаға 32 мыңнан астам адам атсалысты. Олар 1100 гектар жерді тазалап, 750 тоннадан астам қоқыс шығарды.

Көгалдандыру бойынша, 2024 жылдан бері шамамен 250 мың көшет отырғызылды. Өткен жылы 138 мыңнан астам ағаш егілді. Биыл тағы 111 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button