Шығыс Қазақстанға 9 облыстан делегация келді

Шығыс Қазақстанға еліміздің 9 өңірінен ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, кәсіпкерлер мен ірі агрохолдинг басшыларынан құралған арнайы делегация келді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Үш күнге созылатын жұмыс сапар аясында қонақтар аймақтың агроөнеркәсіптік кешендегі озық тәжірибемен және өндіріс орындарымен танысады.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен республиканың 9 өңірінен келген 25-ке жуық делегатты қарсы алып отырмыз. Мұндағы мақсат – бір-біріміздің озық тәжірибелерімізді ортаға салып, үйреніп, әр облыста іске асыру. Үш күнге созылатын шараларда Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен саласында жеткен жетістіктерімен таныстырып, кәсіпорындарын аралаймыз. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, заманауи өндірістерді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға баса назар аударылып отыр, – деді ШҚО әкімінің кеңесшісі Самат Қыдырмолда.
Жиын барысында өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Басты бағыты – өнімді терең өңдеуді дамыту және экспортты ұлғайту.
Биыл Шығыс Қазақстанда егіс алқабы 635 мың гектарға жетті. Көктемгі жұмыстарға шаруаларға 20 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.

Ал Ұлытау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Бегеновтің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында бұл өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 19,4 млрд теңгені құраған.
Қонақтар тек жиынмен шектелмей, өңірдің өндіріс әлеуетін өз көздерімен көреді. Сапардың алғашқы күні облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Шығыс Сүт» кәсіпорнын және «Grand Fish» балық өңдеу зауытын аралап көреді.
Одан кейін Алтай ауданындағы форель шаруашылығы мен пантымен емдеу орталығының жұмысымен танысып, шығыстағы туристік нысандарын аралау жоспарланған.
Жанель Жанболатқызы



