Қоғам

Шығыста 800-ден астам заңбұзушылық анықталды

Шығыс Қазақстан облысындағы өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі мен техникалық жағдай сын көтермейді. Биылдың өзінде өңірдегі қауіпті нысандарды тексеру кезінде жүздеген заңбұзушылық әшкереленген. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті, деп хабарлайды Minut.kz.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында ауқымды ревизия жүргізілген.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 30-ға жуық жоспарлы тексеру жүргізіліп, 256 қауіпті өндірістік нысан тексерілді. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 842 дерегі анықталды. «Азаматтық қорғау туралы» ҚР заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстың қауіпті өндірістік объектілерінде бақылау қызметтері құрылып жатыр, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірдегі кәсіпорындардың техникалық жабдықталуы да мәз емес. Биыл пайдалану мерзімі өтіп кеткен, ескірген 600-ден астам техникалық құрылғы мен технологиялық желіні шұғыл ауыстыру жоспарланып отыр.

«Казцинк» және «Шығыстүстімет» секілді алпауыт тау-кен кәсіпорындарында қауіпсіздік процестері цифрлық форматқа көшірілуде. Өкінішке қарай, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Шығыс Қазақстанның ірі өндірістерінде қайғылы жағдайлар жиілеп кетті. Тек соңғы айдың өзінде екі бірдей ірі төтенше оқиға тіркелді:

  • 5 мамыр: «Казцинк» ЖШС мырыш зауытының электролиз цехында апат болды.
  • 30 мамыр: «Шығыстүстімет» ЖШС Артемьев кенішінің жерасты учаскесінде жарушы маман қаза тапты.

Аймақ басшысы бұл оқиғалардың ешқайсысы сипап-қамшылап жабылмайтынын және кінәлілердің жауапқа тартылатынын қадап айтты.

Маңызды бірде-бір дерек назардан тыс қалмайды. Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне түбегейлі баға берілетін болады. Аталған жұмыс тұрақты бақылауда, – деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button