Басты жаңалықҚоғам

Шығыста суға түсуге арналған 23 арнайы орын белгіленді

Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Биыл өңірде тұрғындардың қауіпсіз демалысы үшін арнайы жабдықталған 23 суға түсу аймағы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қауіпсіз деп танылған 23 орын белгіленген. Атап айтсақ, Ұлан ауданында 8, Өскемен қаласында 3, Самар ауданында 2 орын. Ал Риддер қаласы, Алтай, Үлкен Нарын, Күршім, Зайсан, Марқакөл, Тарбағатай, Глубокое және Шемонаиха аудандарында 1 орыннан.

Қазір жауаптылар мен жергілікті әкімдік өкілдері арнайы комиссия құрып, жағажайлардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруді бастап кетті. Әсіресе, су түбін тазалау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне су айдындарының түбін тексеру және сүңгуірлік жұмыстар жүргізу бойынша 16 өтінім түсті, – деді ведомство өкілдері.

Шомылу маусымы кезінде облыс акваторияларында ТЖД-нің 5 құтқару бөлімшесі үздіксіз жұмыс істейді. Бұдан бөлек, суаттардағы тәртіп пен қауіпсіздікті бақылау үшін ауқымды күш жұмылдырылмақ. Рейдтік шараларға мына мекемелер тартылады:

  • Полиция қызметкерлері мен еріктілер;
  • Жергілікті атқарушы органдар;
  • ҚР ТЖМ-нің Өскемен қаласындағы 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальоны;
  • Алтай және Самар аудандарындағы қосымша күштер.

Құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген, арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Түсіндіру жұмыстары БАҚ пен әлеуметтік желілерде де белсенді жүріп жатыр.

Аяулым Бақытбекқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button