Басты жаңалықҚоғам

Студенттер «Сәулетай» саябағын тазартты

Өскеменде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Қала көркін сақтайық!» атты ауқымды жастар акциясы өтті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Игі шара барысында қалалық еріктілер мен белсенді студенттер шаһардағы ең танымал демалыс орындарының бірі – «Сәулетай» саябағының аумағын қоқыстан тазартып, ретке келтірді.

«Сәулетай» саябағы – тұрғындар жиі серуендейтін, балалардың ойын-күлкісі үзілмейтін демалыс орны. Әсіресе көктем мен жаз айларында мұнда келушілер саны артып, отбасылық тынығу мекеніне айналады. Дәл осы себепті жастар бұл аймақтың тазалығына ерекше көңіл бөлген.

Қала жастарының белсенділігі жоғары

Экологиялық акцияға Жастар ресурстық орталығының еріктілері, қалалық волонтерлер фронт-офисінің мүшелері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері белсенді қатысты.

Олар саябақ аумағындағы шашылған қоқыстарды жинап, қураған бұтақтарды тазартты. Сондай-ақ, балалар ойын алаңдары мен ашық аспан астындағы жаттығу құрылғыларын шаң-тозаңнан жуып, ретке келтірді.

Біздің басты мақсатымыз – қала тазалығын сақтау, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және жастарды экологиялық мәдениетке баулу, – дейді Өскемен жоғары медициналық колледжінің студенті Байдаулет Әшімов.

Тазалық – өзімізден басталады

Акцияға қатысушы еріктілер де өз әсерлерімен бөлісіп, құрдастарын табиғатты аялауға шақырды.

Саябақты тазалау барысында тұрмыстық қалдықтардың, әсіресе пластик құтылар мен тәттілердің қаптамасы көп екенін байқадық. «Тазалық бар жерде – береке бар». Біз бүгін тек қоқыс жинап қана қоймай, қаламыздың әдемі болуына өз үлесімізді қостық. Құрдастарымды демалыс орындарында мәдениетті сақтауға шақырамын, – деді өзін Арман деп таныстырған ерікті.

Саябақта немересімен серуендеп жүрген қала тұрғыны Марат Ахметов жастардың бұл бастамасына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді:

Күн жылынғалы бұл саябаққа келушілер көбейді. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар артынан қоқыс қалдырып кетеді. Бүгін жастардың жұмыла еңбек етіп, саябақты тап-тұйнақтай етіп тазартқанын көріп, көңіліміз өсті. Ойын алаңдарын да тап-таза етіп сүртіп шықты. Осындай белсенді, тәрбиелі жастарымыз барда қаламыз әрқашан таза әрі көркем болады деп сенемін. Еңбектеріңіз жана берсін, айналайындар! – деді қала тұрғыны.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай эко-шаралар қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға да үлкен ықпал етеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық жұмыстары алдағы уақытта да қаланың өзге де демалыс аймақтарында жалғасын таппақ.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button