Басты жаңалықБілім

ҰБТ-ның алғашқы аптасында 40 талапкердің нәтижесі жойылды

Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) алғашқы аптасы қорытындыланды. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, алғашқы күндерден бастап-ақ ереже бұзушылар қатары анықталып, ондаған талапкер гранттан үміт үзуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Тестілеудің алғашқы аптасында барлығы 86 ереже бұзушылық тіркелген. 46 талапкер емтихан залына кіру кезінде-ақ шеттетілді. Олар өзімен бірге смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап және шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кірмек болған. 40 талапкер ережені тест тапсыру барысында (аудитория ішінде) бұзғаны үшін емтиханнан шығарылып, нәтижелері толықтай жойылды.

10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-ны осы уақытқа дейін 41 мыңнан астам адам тапсырып үлгерді. Талапкерлердің 67 пайызы қазақ тілінде, 33 пайызы орыс және 103 адам ағылшын тілін таңдаған.

Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың тек 57 пайызы шекті балды жинай алды. Салыстырмалы түрде, емтихан тапсырғандардың жартысына жуығы қажетті минималды деңгейден өте алмаған.

Республика бойынша орташа нәтиже 58 балды құрады. Тіркелген ең жоғары көрсеткіш – 138 балл.

Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. Мамандар талапкерлерді өз біліміне сенуге және емтихан ережелерін қатаң сақтауға шақырады, себебі бейнебақылау камералары мен тексеріс деңгейі жылдан-жылға күшейтіліп келеді.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button