Басты жаңалықҚоғам

Үлкен Нарында есірткіге қарсы акция өтті

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында жазғы демалыстағы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Аудан прокуратурасының бастамасымен және аудандық полиция бөлімінің қолдауымен өткен шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы мен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерінде «Біз есірткіге қарсымыз» және «Жол қозғалысы ережелерін сақтаймыз» тақырыптарында эстафеталық жарыстар мен сурет байқауы өтті.

«Көңілді эстафета» байқауының қорытындысы бойынша үшінші орынды «Достар» командасы, екінші орынды «Қазақ рухы», ал бірінші орынды «Тұран-1» командасы иеленді.

Сурет байқауында үздік үштікті «Тұран-1» командасы қорытындыласа, екінші орынды «Достар» командасы иеленді. Бірінші орын «Қазақ рухы» командасына бұйырды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері балаларға жол қозғалысы ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, арнайы қызметтік автокөліктердің жұмысын таныстырды. Бұл балалардың үлкен қызығушылығын тудырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттырды, сондай-ақ заң мен құқықтық тәртіпке деген құрметін қалыптастыруға септігін тигізді.

Жарыстан бөлек, аудан прокуратурасы мен полиция бөлімі бірлесіп балалармен арнайы профилактикалық әңгімелесу жүргізді. Кездесуде жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жол ережесін қатаң сақтау мәселелері баса айтылды.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button