Қоғам

Ұлттық ұлан сарбаздары балаларға ұмытылмас мереке сыйлады

Өскемендегі Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінде 1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған ерекше мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы Minut.kz «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әскери бөлімде ұйымдастырылған салтанатты шараға әскери қызметшілердің 2-11 жас аралығындағы 50-ге жуық баласы қатысты. Мұнда қатардағы сарбаздардан бастап офицерлерге дейін жұмылып, бүлдіршіндер үшін қызықты бағдарлама әзірлеген.

Мереке аясында балалар үшін арнайы әскери техникалар мен заманауи үлгідегі қару-жарақтардың, әскери киімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Балғындар атыс қаруларын қызықтап қана қоймай, әскери киімдерді киіп көру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар балаларға арналып аквагрим, қызықты челлендждер мен тәттілерге толы мерекелік дастарқан әзірленді.

Мұндай шараларды біз жылда ұйымдастырып тұрамыз. Себебі, әскер тек қатаң тәртіпті орта ғана емес. Мұнда да өз балаларымыз үшін мерекелік шаралар ұйымдастырып, отбасымен бас қосу дәстүрге айналған, – деді 6699 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы, майор Нұрбек Жұкыбаев.

Іс-шара барысында балаларға қызметтік иттердің өнері мен шеберлігі де көрсетілді. Кинологтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған төрт аяқты серіктер бүлдіршіндердің ерекше таңданысын тудырды.

Маған әсіресе қызметтік иттердің шеберлігі қатты ұнады. Кинологтың әрбір айтқан тапсырмасын лезде түсініп, айтқанын бұлжытпай орындайды. Мен де ертең ер жеткенде айтқанымды екі етпейтін төрт аяқты досымның болғанын қалаймын. Ертең әкем сияқты әскери қызметші болып, Отанымды қорғау — менің мақсатым, – деп бөлісті өз әсерімен кішкентай қонақ Қайсар Нұриман.

Мерекелік іс-шара соңында белсенділік танытқан барлық балалар арнайы мадақтау қағаздарымен марапатталып, бұл күнді естелік суреттермен түйіндеді.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button